20.03.2026, 11:40

Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева Майамиде өзара кездесетін болды

Фото: Wta

Матчтың бірінші сетінде қарсыласы 6:3 есебімен басым түсті.

Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева АҚШ-тың Майами қаласында өтіп жатқан Miami Open турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әлемнің 75-ракеткасы алғашқы кездесуін рейтингте 40-орында тұрған индонезиялық теннисші Джанис Тьенмен өткізді. Бұл олардың кәсіби турдағы алғашқы бетпе-бет ойыны болды.

Матчтың бірінші сетінде қарсыласы 6:3 есебімен басым түсті. Алайда бұдан кейін Путинцева жігер танытып, камбэк жасады – 6:3, 6:4. Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты кездесуде қазақстандық теннисші 2 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың үшеуін тиімді пайдаланды. Ал қарсыласы 12 эйс орындап, 6 брейк-пойнттың екеуін ұтымды іске асырды.

Осылайша, Юлия Путинцева келесі кезеңде Қазақстанның бірінші ракеткасы, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакинамен кездеседі. Бұл матч қазақстандық жанкүйерлер үшін ерекше қызық болмақ.

Айта кетейік, Елена Рыбакина 2023 және 2024 жылдары Майами турнирінде финалға дейін жеткен. Ал өткен жылы екі қазақстандық теннисші де жарысты екінші айналымда аяқтаған еді.