Макгирт Жәнібекке АҚШ-та өткен жекпе-жектерінде көмектескен.
Қазақстандық танымал боксшы Жәнібек Әлімханұлының бұрынғы бапкері, америкалық маман Бадди Макгирт шәкіртінің допинг дауына ілігуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.
Айта кетейік, Макгирт Жәнібекке АҚШ-та өткен жекпе-жектерінде көмектескен. Дәл сол кезеңде қазақстандық боксшы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанып, белдігін сәтті қорғаған. Алайда 2023 жылдың күзінде IBF чемпионы Винченцо Гуальтьеримен өтетін біріктіру жекпе-жегінің алдында Әлімханұлы танымал бапкердің қызметінен бас тартқан еді.
Макгирт Жәнібектің мұндай қадамға әдейі бармағанына сенімді:
«Мен Жәнібекті жақсы көремін, бұл жағдайды естіп қатты қынжылдым. Оның тыйым салынған препаратты әдейі қолданғанына сенбеймін», - деді ол Sports.kz сайтына берген сұхбатында.
Бапкер қазақстандық боксшының болашағына қатысты да оптимистік көзқараста екенін айтты:
«Ол әлі де әлем чемпионы. Қайта оралып, абсолютті чемпион атануға толық мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Дәл қазір орта салмақта оған мүмкіндік бар. Тек осы жағдай оған сабақ болып, айналасындағы адамдарға мұқият болса екен деймін. Оған тек сәттілік тілеймін», - деді Макгирт.