"Бұрын рингке аштықпен шығатынмын, қазір тоқпын".
Қазақстандық ММА спортшысы әрі актер Еркебұлан Тоқтар Арменияның астанасы Ереванда өткен Hype FC 28 турнирінде қырғызстандық Марсель Нұрланбекұлына есе жіберді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жекпе-жектен кейін Еркебұлан Тоқтар кездесу туралы өз пікірін білдірді:
«Өзімді толық жеңілдім деп айта алмаймын, бірақ жеңдім деп те санамаймын. Бірінші раундта басым болдым, екіншісін қарсыласқа бердім, үшінші раундты өзіме жазар едім. Дегенмен соңғы шешімді төрешілер шығарады. Бұрын рингке аштықпен шығатынмын, қазір тоқпын. Ал тоқ адамға төбелесу қиын», – деді ол.
Айта кетейік, жекпе-жек жеңіл салмақта қолғаптағы бокс ережесі бойынша өтті. Тартысты өткен кездесуде төрешілер бірауыздан жеңісті Марсель Нұрланбекұлына берді. Осылайша ол кәсіби мансабындағы 14-жеңісіне қол жеткізіп, жеңіліссіз сериясын жалғастырды.
Ал Еркебұлан Тоқтар бұған дейін 2025 жылы өзбекстандық Тимур Никулинмен өткен жекпе-жекте бірінші раундта айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын.