01.04.2026, 20:30

15 жастағы қазақ баласы «Барселона» ойыншысы атанды

Фото:Fabrizio Romano Transfer News

Бұл тарихи трансфердің кейіпкері – 15 жастағы талант Кәрім Меңдіқанов.

Каталонияның әйгілі «Барселона» клубы Қазақстаннан шыққан жас футболшымен келісімшартқа отырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл тарихи трансфердің кейіпкері – 15 жастағы талант Кәрім Меңдіқанов.

Жас вингер ресми түрде каталониялық клуб сапына қосылып, келесі маусымнан бастап «Барселона» жүйесінде өнер көрсетеді. Осылайша, Меңдіқанов «Барса» тарихындағы алғашқы қазақстандық футболшы атанып отыр.

Кәрім 2011 жылы Қазақстанда дүниеге келген. Кәсіби футболшы болуды армандаған ол 2022 жылы Испанияға қоныс аударып, сол уақыттан бері Каталонияда жаттығып келеді.

Алғашында ол жергілікті «Cerdanyola» клубының сапында ойнап, өзін жақсы қырынан көрсеткен. Кейінірек «Sant Cugat» FC командасына ауысып, негізгі құрамда тұрақты өнер көрсету арқылы бапкерлер сеніміне ие болды.

Меңдіқанов – оң қапталда ойнайтын шабуылшы. Ол өзінің жоғары жылдамдығымен, дриблинг шеберлігімен және сенімді ойынымен ерекшеленеді.

Жас футболшыға Испанияның жоғары дивизионының бірнеше клубы қызығушылық танытқанымен, ол «Барселонаның» ұсынысын таңдаған.

Меңдіқанов жаңа клубымен бірге жаттығуларға қатысып та үлгерген.