Егер финалда жеңіске жетіп, чемпион атанса, сыйақы көлемі 161 310 еуроға дейін өсіп, рейтингке 500 ұпай қосылады.
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Германияның Штутгарт қаласында өткен WTA 500 санатындағы турнирдің финалына шықты. Жартылай финалда ол ресейлік Мирра Андрееваны жеңді. Бұл туралы Sn.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу 7:5, 6:1 есебімен қазақстандық спортшының пайдасына аяқталды. Бірінші сетте кортта тең дәрежелі тартыс жүрді, алайда Рыбакина партияның соңында қарсыласын басып озды. Екінші сетте Еленаның басымдығы айқын болды. Матч барысында Рыбакина 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың 4-еуін сәтті пайдаланды.
Sports.kz мәліметінше, беделді турнирдің финалына шығу қазақстандық теннисшіге тек спорттық жетістік қана емес, айтарлықтай қаржылай табыс та әкелді. Финалға шыққаны үшін Елена кемінде 99 565 еуро сыйақы мен 325 рейтингтік ұпайға ие болды.
Егер финалда жеңіске жетіп, чемпион атанса, сыйақы көлемі 161 310 еуроға дейін өсіп, рейтингке 500 ұпай қосылады. Сондай-ақ дәстүр бойынша турнир жеңімпазы титулдық демеушіден спорттық автокөлік алады.