Полиция өкілдері жол қозғалысы кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырып, заң талаптарын бұзған әрбір азамат жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Кадрларда Атырау қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылымен кетіп бара жатқан көліктен бойжеткеннің терезеден басын шығарып, спортшымен тілдесіп отырғаны байқалады. Сондай-ақ видеода Қуат Хамитовтың қауіпсіздік белдігін тақпай көлік жүргізгені көрінеді.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысы бар бірнеше адамға айыппұл салынған. Атап айтқанда, Toyota Camry көлігінің 24 және 22 жастағы жолаушылары қауіпсіздік белдігін тақпағаны әрі қозғалыс кезінде көлік терезесінен денесін шығарғаны үшін жауапқа тартылды. Сонымен қатар, 20 жастағы жүргізуші де аталған құқық бұзушылықтарға жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке ілінді.
Ал Mustang автокөлігін басқарған 38 жастағы Қуат Хамитов қауіпсіздік белдігінсіз көлік жүргізгені үшін жауапқа тартылған.
Полиция өкілдері жол қозғалысы кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырып, заң талаптарын бұзған әрбір азамат жауапкершілікке тартылатынын ескертті.