Отандасымыз көпсайыста жалпы 113.65 ұпай жинады.
Бүгін Бішкекте өтіп жатқан көркем гимнастикадан Азия чемпионатында қазақстандық Айбота Ертайқызы жекелей сындағы көпсайыс бәсекесінде күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Отандасымыз көпсайыста жалпы 113.65 ұпай жинады. Атап айтсақ, шығыршықпен жаттығуда 28.50, доппен 27.45, ұршықпен сайыста 28.70, таспамен жарыста 29 ұпай нәтижені көрсетті. Осы бағдарламада өзбекстандық Тахмина Икромова (115.10) жеңімпаз атанса, ал өзбекстандық Наталья Усова (112.40) қола медальға қол жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Айбота былтырғы Сингапурда өткен сары құрлық додасында таспа сайысында чемпион, ал көпсайыста қола жүлдегер атанған болатын. Сондай-ақ бұл дода күзде Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындық кезеңдерінің бірі саналады.