$ 485.95  565.74  6.83

«Мәселені дұрыс шешуге шақырамын»: Ислам Байрамқұлов Шайдоров дауына пікір білдірді (ВИДЕО)

"Министрлік ақшаны жан-жаққа шаша берсе не болады?"

Коллаж: SN.kz
Коллаж: SN.kz

Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Сидней Олимпиадасының жүлдегері Ислам Байрамқұлов мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың айналасында туындаған дауға қатысты пікір білдірді. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында спорт саласындағы кей мәселелерді қозғап, спортшылардың бірлігіне тоқталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

"Ассалаумағалейкүм, құрметті Отандастар! Михаил Шайдоров қызу талқылауға түсіп жатыр. 32 жылдан кейін алғашқы алтын медаль. Ол өте үлкен еңбектің арқасында. Енді өзім еңбек сіңірген спорт шебері болғаннан кейін спорттағы тәжірбием өте үлкен. Қазір республикалық спорт колледжін басқарып отырмын. Егемендік алғаннан бастап спортшыларымыз ауыз толтырып айтатындай жетістікке жетті. Бізге кезінде халықтың салығынан төленетін. Министрлік ақшаны жан-жаққа шаша берсе не болады? Оның да сұрауы бар ғой. Ертең көптеген тексерістер болады. Жеңіліс болса "неге бұл салаға құйылды?" дейді. Мәселесі көп. Осы мәселені алаңдатпай, дұрыс шешуге шақырамын", - деді ол.

Байрамқұлов ең алдымен елдегі ақпараттық кеңістікте түсініксіз жағдайлар болып жатқанын айтып, бұған дейін спорт саласында көтерілген мәселелердің назардан тыс қалғанын еске салды. Оның айтуынша, 2021 жылы Алматыдағы республикалық спорт колледжін жабу мәселесі қоғамда жеткілікті деңгейде талқыланбаған.

«Барлық жерге дабыл қақтық, журналистер мен телеарналарды шақырдық. Бірақ түсірілген материалдардың көбі эфирге шықпады. Жаттықтырушыларға, мұғалімдерге, ата-аналар мен оқушыларға қысым жасалды», — деді ол.

Сондай-ақ ол Алматы ипподромының жағдайын да мысалға келтірді. Байрамқұловтың сөзінше, ғасырға жуық тарихы бар ипподром мәселесі де қоғамнан жеткілікті қолдау таппаған. Соның салдарынан жарыс маусымы бұзылып, сынақтар Алматы облысындағы Жандосов ауылына ауыстырылған.

Осы орайда ол Михаил Шайдоров пен Туризм және спорт министрлігі арасындағы жағдайға қатысты пікір білдіріп, спортшылардың ауызбіршілігін жоғары бағалайтынын жеткізді.

«Мені бұл жағдайда қуантатыны — еліміздің жетекші спортшылары, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері бірігіп, өз пікірлерін ашық айтып жатыр. Бұл — өте маңызды», — деп жазды Байрамқұлов.

Ол сондай-ақ қазіргі таңда қазақстандық спортта оң өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, спорт саласына заманауи әдістер енгізіліп, халықаралық байланыстар нығайып келеді.

«Президент халықаралық федерация басшыларын қабылдап, мемлекеттік наградалар тапсырып жатыр. Бұл — болашақ жеңістердің кепілі», — деді спортшы.

Жазба соңында Ислам Байрамқұлов баршаға бейбітшілік пен бірлік тіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0