Асаубаева украиналық гроссмейстер Анна Музычукпен кездесуде ұпай жоғалтты
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Norway Chess Women 2026 супертурнирінің алғашқы айналымын екінші орында аяқтады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ослода өтіп жатқан беделді жарыстың бесінші турында Асаубаева украиналық гроссмейстер Анна Музычукпен классикалық партияда тең түсіп, кейін армагеддон форматындағы тай-брейкте жеңіліп қалды.
Ақ тастармен ойнаған Музычук 35 жүріс бойы қазақстандық шахматшының қорғанысын бұза алмады. Нәтижесінде тараптар тең нәтижеге келісіп, жеңімпазды анықтау үшін армагеддон ойынына шықты.
Шешуші бәсекеде әлемнің екі мықты блиц шахматшысы кездесті. Екі дүркін әлем чемпионы Анна Музычук үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваны 44-жүрісте жеңіп шықты.
Осы сәтсіздікті тиімді пайдаланған үндістандық Дивья Дешмух көш басына көтерілді. Ол қара тастармен ойнап, қытайлық Чжу Цзиньэрді жеңіп, үш ұпай еншіледі.
Бес турдан кейін Дешмух турнирлік кестеде бірінші орынға шықса, Бибісара Асаубаева екінші сатыға сырғыды.
Алтыншы турда қазақстандық шахматшы ақ тастармен үндістандық Хампи Конерумен кездеседі. Ал көш бастап тұрған Дивья Дешмух қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньмен ойнайды.
Айта кетейік, Norway Chess Women 2026 турнирі әлемнің ең үздік шахматшыларын жинаған беделді жарыстардың бірі саналады.