Оның айтуынша, Халықаралық бокс даңқы залына ену – тек жеке жетістік емес, тарихи оқиға.
Қазақстандық даңқты боксшы, Халықаралық бокс даңқы залына енген алғашқы қазақстандық Геннадий Головкин АҚШ-тың Канастота қаласында жанкүйерлерімен кездесіп, бұл жетістіктің өзі үшін қаншалықты маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Головкин kaz.inform тілшісіне берген сұхбатында ең алдымен Қазақстаннан келген қолдаушыларға алғысын білдірді.
«Ең алдымен, осында келіп, қолдау көрсеткендеріңізге рақмет. Осы оқиғаны жариялап, оны Қазақстанға, халқымызға жеткізіп жатқандарыңыз үшін де алғыс айтамын. Бұл мен үшін нені білдіреді және не сезініп тұрмын деген сұраққа екі ауыз сөзбен жауап беру қиын», – деді боксшы.
Оның айтуынша, Халықаралық бокс даңқы залына ену – тек жеке жетістік емес, тарихи оқиға.
«Бұл – үлкен мақтаныш, өйткені бұл енді тарихтың бір бөлігі. Шынымен де тарихи оқиға. Сен ресми түрде осы спорт түрінің аңызына айналасың», – деді Головкин.
Сондай-ақ ол өзін әлемдік бокс тарихындағы ең ұлы тұлғалармен бір қатарда атаудың зор жауапкершілік екенін жеткізді.
«Сен осы спортты қалыптастырған адамдармен бір тұғырда тұрасың. Яғни Мұхаммед Әли, Майк Тайсон секілді тұлғалармен қатар аталасың. Бір дивизионда десек те болады. Бұл өте көп нәрсені білдіреді», – деп түйіндеді Геннадий Головкин.
Еске салайық, Геннадий Головкин биыл Халықаралық бокс даңқы залына қабылданып, аталған мәртебеге ие болған алғашқы қазақстандық спортшы атанды.