$ 488.37  559.77  6.64

Қазақстан құрамасы Қытайдағы әлем кубогын бес алтынмен аяқтады

Айта кетейік, 90 келіден жоғары салмақта чемпион атанған Айбек Оралбай – 2025 жылғы әлем чемпионы және Азияның екі дүркін чемпионы (2022, 2024).

Фото: ҰОК
Фото: ҰОК

Қазақстан құрамасы Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Boxing әлем кубогының екінші кезеңін жарқын жеңіспен аяқтады. Финалға шыққан бес боксшының барлығы қарсыластарын жеңіп, ел қоржынына бес алтын медаль салды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Алтын жүлде үшін өткен жекпе-жектерде Санжар Тәшкенбай (50 келі) өзбекстандық Асилбек Жалиловты 3:2 есебімен жеңсе, Абылайхан Жүсіпов (70 келі) үндістандық Дипактан 5:0 есебімен басым түсті.

90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Айбек Оралбай финалда Германия өкілі Никита Путиловты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңіп, алтын медаль иеленді.

Ал әйелдер арасында Назым Қызайбай (54 келі) италиялық Сирин Шаарабиді 4:1 есебімен ұтса, Виктория Графеева (60 келі) Тайвань боксшысы Линь Юйтинді 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы финалға шыққан бес спортшысының барлығын жеңіске жеткізіп, World Boxing әлем кубогының екінші кезеңін бес алтын медальмен қорытындылады.

Айта кетейік, 90 келіден жоғары салмақта чемпион атанған Айбек Оралбай – 2025 жылғы әлем чемпионы және Азияның екі дүркін чемпионы (2022, 2024). Ал оның финалдағы қарсыласы Никита Путилов жастар арасындағы Еуропа чемпионы атанған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 5
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0