Уильямс, Райт және Путилов — өте мықты қарсыластар
Британдық бокс сарапшысы әрі бапкер Мэтт Робинсон Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбайдың соңғы уақыттағы қарқынына жоғары баға берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Маманның айтуынша, Азияның екі дүркін чемпионы, әлем чемпионы және жасөспірімдер Олимпиадасының бұрынғы жеңімпазы саналатын қазақстандық боксшы әлі де дамуын тоқтатпаған.
«Екі дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионы және жасөспірімдер Олимпиадасының бұрынғы жеңімпазы әлі де прогресс көрсетіп жүр деу таңғаларлық естілуі мүмкін. Бірақ дәл қазір Айбек Оралбайдың жағдайы осындай. Ол аса ауыр салмақта әлі де басты фаворит болып қала береді. Уильямс, Райт және Путилов — өте мықты қарсыластар. Алайда дәл Оралбай — жеңу қажет басты боксшы», — деп жазды Робинсон Instagram парақшасында.
Айта кетейік, Айбек Оралбай Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Boxing Кубогында 90 келіден жоғары салмақта алтын медаль жеңіп алды.
Қазақстандық боксшы турнирді 1/8 финалда америкалық Нажай Райтқа қарсы кездесуден бастап, қарсыласын 5:0 есебімен айқын жеңді. Ширек финалда британиялық Мэттью Уильямсты да төрешілердің бірауыз шешімімен ұтып, жарыс жүлдесін алдын ала қамтамасыз етті.
Жартылай финалда Оралбай бразилиялық Жоэл Рамосқа қарсы күрделі жекпе-жек өткізді. Бірінші раундтан кейін ұпай санымен ұтылып тұрғанына қарамастан, ол кездесудің бағытын өзгертіп, үшінші раундта қарсыласын нокдаунға түсірді. Нәтижесінде қазақстандық боксшы 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Финалда Айбек Германия өкілі Никита Путиловпен жұдырықтасты. Шешуші кездесуде Оралбай айқын басымдық танытып, 5:0 есебімен жеңіске жетті.