Оның айтуынша, қазіргі уақытта спортшының азаматтығын ауыстыру мәселесі күн тәртібінде жоқ.
Шахматшы Бибісара Асаубаеваның Қазақстан азаматтығынан бас тартып, халықаралық жарыстарда Ресей немесе Өзбекстан құрамасы сапында өнер көрсетуі мүмкін деген әңгімеге спорт және туризм вице-министрі Серік Жарасбаев пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта спортшының азаматтығын ауыстыру мәселесі күн тәртібінде жоқ.
«Қазір Бибісараның азаматтығын өзгерту мәселесі қаралып жатқан жоқ. Ол – халықаралық деңгейде үлкен жетістікке жеткен спортшы. Қазақстан тарихында алғаш рет үш дүркін әлем чемпионы атанған шахматшы», – деді вице-министр.
Айта кетейік, осыдан екі апта бұрын, 10 маусымда, Серік Жарасбаев Бибісара көтерген мәселеге байланысты арнайы брифинг өткізіп, кейбір танымал спортшыларды «тым еркелеп кетті» деп сынаған болатын.
Алайда бүгін ведомство өкілі шахматшымен арадағы қаржылық мәселелердің толық шешілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар, 2025 жылдың желтоқсанында тағайындалған II дәрежелі «Барыс» ордені Бибісара Асаубаеваға жақын күндері салтанатты түрде табысталатынын жеткізді. Бұған дейін шахматшы былтыр берілген мемлекеттік марапатты әлі алмағанын айтып, мәселе көтерген еді.
«Бибісара жуық арада Астанаға келіп, мемлекет тарапынан берілген жоғары марапатын алады», – деді Серік Жарасбаев.
Еске салайық, апта басында Бибісара Асаубаева Гонконгта өткен әлем чемпионатынан кейін Өзбекстанға барған болатын. Ташкент әуежайында оны жергілікті блогер гүл шоғымен қарсы алды. Сондай-ақ 1200-ден астам өзбек жанкүйері шахматшымен жүздесуге ниет білдірген.