$ 486.47  554.77  6.26

Режиссер Айсұлтан Сейітов «Қайрат» футбол клубы туралы деректі фильм түсірді

"Бұл – 2025 жылы бүкіл елді дүр сілкіндірген оқиғаның көрерменге беймәлім тұстарын баяндайтын хикая". 

Коллаж: Sn.kz
Коллаж: Sn.kz

«Қайрат» футбол клубы жанкүйерлерге арналған жаңа жобасын таныстырды. Режиссер Айсұлтан Сейітовтің командасы клубтың тарихи маусымына арналған «ФК Қайрат: Бір команда – бір жүйе» атты деректі сериалдың ресми постерлерін жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жоба туралы режиссер әлеуметтік желідегі парақшасында айтып өтті.

«Осыдан бір жыл бұрын "Қайрат" Чемпиондар лигасына жолдама алып, тарих жазды. Біздің командаға жеребе тарту рәсімінен бастап Астанадағы шешуші матчқа дейінгі бүкіл жолды таспалау мүмкіндігі берілді. Сіздерге "Қайрат" туралы деректі сериалдың ресми постерлерін қуана ұсынамын. Бұл – 2025 жылы бүкіл елді дүр сілкіндірген оқиғаның көрерменге беймәлім тұстарын баяндайтын хикая. Премьерасы шілде айында тек Freedom платформасында өтеді», – деп жазды Айсұлтан Сейітов.

Деректі сериалда «Қайраттың» Чемпиондар лигасына жолдама алған тарихи маусымының шымылдық артындағы сәттері көрсетіледі. Түсірілім тобы команданың ең жауапты кезеңдерін – жеребе тарту рәсімінен бастап Астанада өткен соңғы шешуші матчқа дейінгі жолын толық қамтыған.

Көрермендер картинадан футболшылар мен клуб мүшелерінің күнделікті өмірін, матч алдындағы дайындықтарын, эмоцияларын және жанкүйер көзінен тыс қалған оқиғаларды тамашалай алады.

Жобаның креативті продюсері – Айсұлтан Сейітов, ал режиссері – Ханзат Кеңес.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0