04.07.2026, 21:30

Елена Рыбакина Уимблдон-2026 турнирінің үшінші айналымында жеңіліс тапты

Фото: sports.kz

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 27-ракеткасы, бельгиялық Элизе Мертенспен жолығысты.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің төртінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 27-ракеткасы, бельгиялық Элизе Мертенспен жолығысты.

Қарсыластар осыған дейін өзара сегіз рет кездесіп, соның жетеуінде Еленаның мерейі үстем болған еді. Соның ішінде Рыбакина Мертенсті биылғы Аустралия ашық чемпионатының төртінші айналымында 6:1, 6:3 есебімен ұтқан болатын. 

Бұл жолы бірінші партияда теннисшілер қос брейкпен алмасты. Тай-брейкте Мертенс сәтті ойнады — 7:6 (7:4).

Екінші сетте Э.Мертенс айқын басымдылық көрсетті — 6:1.

Бір сағат 37 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 2 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың тек екеуін пайдаланды. Мертенс 4 эйс, 4 брейкпен (10 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Осылайша, Е.Рыбакина күтпеген жерден Уимблдон додасын ерте аяқтады. Оған қоса әлемнің 1-ракеткасы болу мүмкіндігінен де айырылды.