04.08.2026, 18:20

Қазақстандық ММА файтері төрт жылға спорттан шеттетілді

Фото: ММА

Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) спортшыны допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін кінәлі деп таныды.

Қазақстандық ММА шебері Айдын Төлепбаев допингке байланысты төрт жылға дисквалификация алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) спортшыны допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін кінәлі деп таныды. Оның сынамасынан тыйым салынған мельдоний препараты анықталған.

Допинг-сынама 2024 жылы Индонезияның Бантен қаласында өткен GAMMA әлем чемпионатында алынған. 2025 жылдың наурызынан бері Төлепбаев тергеу аяқталғанға дейін уақытша шеттетілген болатын. Ол антидопинг ережесін бұзғанын даулаған жоқ.

Нәтижесінде қазақстандық спортшы 2025 жылдың 3 наурызынан 2029 жылдың 2 наурызына дейін төрт жылға жарыстардан шеттетілді.

Сонымен қатар 2024 жылдың 14 желтоқсанынан 2025 жылдың 3 наурызына дейінгі барлық нәтижесі жойылды. Осылайша, Төлепбаев GAMMA әлем чемпионатында жеңіп алған алтын медальдан айырылды.

Дегенмен бұл шешім әлі түпкілікті күшіне енген жоқ. Қазақстандық файтердің шешімге қарсы Court of Arbitration for Sport ұйымына шағымдануына мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, Айдын Төлепбаев – ММА-дан Қазақстан және Азия чемпионы.