05.08.2026, 15:20

«Хасанбой Дусматовпен кәсіпқой бокста кездесуге дайынмын»: Сәкен Бибосынов дайындығы туралы айтты (ВИДЕО)

Фото: ҰОК

Біздің жекпе-жекті тек Қазақстан мен Өзбекстанда емес, бүкіл әлемде күтті, қызыға қарады

Бокстан Әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Сәкен Бибосынов кәсіпқой рингте Өзбекстанның даңқты боксшысы Хасанбой Дусматовпен жұдырықтасуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол «Azamat Sport» Youtube-каналына берген сұхбат сұхбатында айтқан, депхабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сәкен мен Хасанбой әуесқой бокста өзара бірнеше рет кездескен. Соңғы рет Париж Олимпиадасында жолдары түйісіп, төрешілер шешімімен жеңіс өзбек боксшысына берілген еді.

«Біздің жекпе-жекті тек Қазақстан мен Өзбекстанда емес, бүкіл әлемде күтті, қызыға қарады. Мықты кездесулер өткіздік. Жеңісті қай тарапқа берсе де жарасатын жекпе-жектеріміз болды. Енді кәсіпқой бокста жұдырықтассақ та жақсы болады, менің еш қарсылығым жоқ. Хасанбойдың қалай қабылдайтынын білмеймін», - деді Сәкен Бибосынов.

Айта кету керек, қос боксшы да жапониялық Saikou Lush Boxing Promotions промоутерлік компаниясымен жұмыс істейді. Екеуінің салмақ дірежесі екі түрлі.

Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокста жекпе-жектер өткізіп жүргенімен, әуесқой бокстан да біржола кеткен жоқ. Ол қазір ұлттық құрамаға шақырту алған. Қыркүйекте Жапонияда өтетін Азия ойындарына баруға кандидаттардың бірі.