Қайғылы оқиға 4 тамыз күні Наратхиват провинциясының Сунгай-Колок қаласындағы «Сантипхап» стадионында өтті.
Таиландта өңірлік Golok FA Cup турнирінің жартылай финалы кезінде футболшыны найзағай соғып, көз жұмды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қайғылы оқиға 4 тамыз күні Наратхиват провинциясының Сунгай-Колок қаласындағы «Сантипхап» стадионында өтті. Samcolts пен Abu x Nong Sirin командалары арасындағы матчтың қосымша уақытында қатты жаңбыр жауып, артынша алаң маңына найзағай түскен.
Салдарынан үшінші дивизиондағы Yala FC клубының 24 жастағы ойыншысы Софван Авае ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды. Оған әріптестері мен жедел жәрдем қызметкерлері көмек көрсетуге тырысқанымен, аман алып қалу мүмкін болмаған.
Полицияның мәліметінше, найзағайдан тағы тоғыз футболшы зардап шеккен. Олардың сегізі Сунгай-Колок қаласындағы ауруханаға жеткізілсе, малайзиялық бір ойыншы еліне барып ем қабылдаған.
Yala FC клубы мен Таиланд футбол қауымдастығы марқұмның жақындарына көңіл айтты. Ал футболшының туыстары оның рухына құрмет ретінде оқиға сәті түсірілген бейнежазбаны таратпауға шақырды.