Қазақстандық боксшы әлем чемпионы атағына бір қадам жақындады.
Жерлесіміз Рамосты жеңсе, Адамеспен титулға таласады. Мейірім Нұрсұлтанов WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізуге бір қадам қалды, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
19 қыркүйекте Сан-Диегода Мейірім уақытша WBC чемпионы америкалық Хесус Рамоспен қолғап түйістіреді. Бұл кездесу жеңімпазы келесі айқасында орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлемнің толыққанды чемпионы, доминикандық Карлос Адамеспен жұдырықтасады. Бұл туралы Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) президенті Маурисио Сулейман мәлімдеді.
Оның айтуынша, Рамос – Нұрсұлтанов жекпе-жегінің жеңімпазына Адамеспен чемпиондық белбеу үшін кездесу өткізу міндеттеледі.
"WBC президенті Маурисио Сулейман Рамос – Нұрсұлтанов жекпе-жегінің жеңімпазы келесі айқасында орта салмақтағы WBC чемпионы Карлос Адамеспен кездесетінін жария түрде мәлімдеді", – деп жазады Boxingscene.
Айта кетейік, Мейірім Нұрсұлтанов соңғы рет 2023 жылы шаршы алаңға шыққан. Соған қарамастан, ол әлі күнге дейін WBC рейтингінде орта салмақ дәрежесінің бірінші нөмірлі үміткері саналады.