Жаңа келісім 2032 жылдың 30 маусымына дейін жарамды. Футболшының жалақысы әзірге жарияланған жоқ.
Бразилия құрамасының жұлдызы Винисиус Жуниор мадридтік «Реал» сапында қалу туралы шешім қабылдады. Клубтың ресми мәліметінше, шабуылшы командамен жаңа келісімшартқа қол қойған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жаңа келісім 2032 жылдың 30 маусымына дейін жарамды. Футболшының жалақысы әзірге жарияланған жоқ.
Келісімшартқа қол қойғаннан кейін Винисиус Instagram парақшасындағы өзгерістерді де қайта қалпына келтірді. Ол профиль сипаттамасына «Реалдың» ресми парақшасын қайта қосып, жаңа келісімге қатысты жазба жариялады. Сонымен қатар аватарын ауыстырып, клубтың жүлделері қойылған қабырғаға қарап тұрған суретін негізгі фото ретінде таңдады.
Бұл келісімге дейін футболшының «Реалдағы» болашағына қатысты түрлі қауесет тараған еді. БАҚ мәліметінше, жаңа келісімшарт бойынша келіссөздер оңай өтпеген. Бір күн бұрын Винисиус әлеуметтік желідегі барлық жазбасын өшіріп, профиль сипаттамасынан мадридтік клубқа қатысты ақпаратты алып тастаған.
Бұған қоса, бірқатар ақпарат құралдары бразилиялық ойыншының Лондонның «Арсеналымен» келіссөз жүргізгенін жазды. Тіпті ағылшын клубының бірнеше футболшысы Винисиустың командаға ауысатынына сенімді болғаны хабарланған.
Винисиус Жуниор «Реалға» 2018 жылы Бразилиядан ауысып келген. Содан бері мадридтік клуб сапында 375 ойын өткізіп, 128 гол соққан.
Бразилиялық шабуылшы «Реалмен» бірге 14 жүлдеге қол жеткізді. Оның қатарында Испания чемпионатындағы үш жеңіс және Чемпиондар лигасындағы екі чемпиондық бар.
2024 жылы Винисиус «Алтын допты» алады деген болжам кең тараған болатын. Алайда беделді марапат испаниялық жартылай қорғаушы Родриге бұйырып, бұл шешім футбол әлемінде қызу пікірталас тудырған еді.