"Газонның сапасы бізге кедергі болған жоқ".
Алматылық «Қайрат» командасының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі «Левскиге» қарсы қарымта матчтан кейін ойынға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қазақстандық клуб болгариялық командадан 0:1 есебімен жеңіліп қалды.
Бас бапкер алдымен кездесуге арнайы келіп, командаға қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысын жеткізді.
«Бүгін бізге қолдау көрсетіп, стадионда керемет атмосфера қалыптастырған жанкүйерлерге рақмет айтқым келеді. Өкінішке қарай, оларды жеңіспен қуанта алмадық. Әрине, өкініш бар. Біз барымызды салдық. Соққыларымыз бен гол соғуға болған мүмкіндіктерімізді ескерсек, кем дегенде бір гол соғуға лайық болдық деп ойлаймын. Дегенмен түңіліп кетпейміз. Алда ел чемпионатында және еурокубокте маңызды кездесулер бар. Енді Еуропа лигасының негізгі кезеңіне шығу үшін күресеміз», – деді Уразбахтин.
Баспасөз мәслихатында маманға команданың капитаны әрі негізгі қорғаушысы Александр Мартыновичтің матчқа не себепті қатыспағаны туралы да сұрақ қойылды.
Уразбахтиннің айтуынша, футболшы Түркістанға келгеннен кейін өзін жайсыз сезініп, дене қызуы көтерілген. Осы себепті ол кездесуге қатыса алмаған.
Сонымен қатар «Қайрат» бапкері матч өткен алаңның сапасына қатысты пікір білдіріп, жеңілісті газонмен байланыстыруға болмайтынын айтты.
«Газонның сапасы бізге кедергі болған жоқ. Оны сылтауратудың қажеті жоқ. Бұл алаңда ойнауға әбден болатын еді», – деді бас бапкер.