9-раундта белден төмен соққыдан кейін Колон желкесінен тағы да қатты соққы алып, құлап түсті.
Кәсіпқой боксшы Причард Колон 33 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Причард Колон өмірін түбегейлі өзгерткен жекпе-жектен кейін арада 11 жылға жуық уақыт өткенде дүниеден озды. 2015 жылғы 17 қазандағы жекпе-жектен кейін спортшы мүгедектер арбасына таңылып, сөйлеу қабілетінен айырылған еді.
Ол кезде Колон 23 жаста болатын. Тегі пуэрториколық, Флорида тумасы болашағынан үлкен үміт күттіретін жас боксшылардың бірі саналды.
Кәсіпқой боксқа ауысқанға дейін ол Пуэрто-Рико чемпионы атанды. Сондай-ақ жастар арасындағы Панамерика ойындарында алтын медаль иеленіп, Олимпиадаға жолдама алуға тырысты.
Кәсіпқой бокста Колон тез танылды. Ол 16 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның үшеуі ғана төрешілер шешімімен аяқталған.
Оның 17-қарсыласы америкалық Террел Уильямс болды. Жекпе-жек кезінде Колон желке тұсынан бірнеше рет соққы алып, төреші Джо Куперге шағымданғанымен, ол бұған мән бермеді.
9-раундта белден төмен соққыдан кейін Колон желкесінен тағы да қатты соққы алып, құлап түсті. Ол орнынан тұрып, жекпе-жекті жалғастырғанымен, жағдайы айтарлықтай нашарлап кеткен еді.
Жекпе-жектен кейін спортшы есінен танып қалды. Ауруханада дәрігерлер оның миына қан құйылғанын анықтады. Бас сүйегіндегі қысымды төмендету үшін оған трепанация жасалып, жасанды комаға жіберілді.
Колон 221 күннен кейін есін жиды. Бірақ ол не сөйлей, не қозғала алмады. Жақындары 11 жылға жуық уақыт бойы оның жағдайы жақсарады деп үміттенді.
Алайда 14 тамызда бұрынғы боксшының қайтыс болғаны белгілі болды.