Ал ресми рейтингтің бірінші нөмірі Арина Соболенко US Open-де былтырғы чемпиондық атағын қорғайды.
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина WTA-ның live-рейтингінде бірінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
US Open-2026 турнирі қарсаңындағы есеп бойынша Рыбакинаның еншісінде 7911 ұпай бар. Қазақстандық теннисші биыл АҚШ ашық чемпионатында небәрі 230 ұпайын қорғайды, сондықтан қазіргі live-кестеде көш бастап тұр.
Ал ресми рейтингтің бірінші нөмірі Арина Соболенко US Open-де былтырғы чемпиондық атағын қорғайды. Беларусь теннисшісінің есептен 1990 ұпайы алынып, live-рейтингтегі көрсеткіші 6585 ұпайға түскен.
Үшінші орында америкалық Джессика Пегула тұр. Оның еншісінде 6495 ұпай бар, ал US Open-де 770 ұпайын қорғауы керек.
Осылайша Рыбакина Нью-Йорктегі турнир алдында live-рейтингте Соболенкодан 1326 ұпай алда келеді. Алайда бұл әзірге ресми WTA рейтингі емес: US Open қорытындысына қарай теннисшілер жинаған жаңа ұпайлар есепке қосылып, орындар қайта өзгеруі мүмкін.
Еске салайық, US Open-2026 турнирінің бірінші айналымында Елена Рыбакина 17 жастағы америкалық Тея Фродинмен кездеседі. Фродин әлемдік рейтингте 580-орында тұр.