29 тамызда Жұбаназар мансабында алғаш рет Grand Slam турнирінің чемпионы атанды.
Қазақстандық дзюдошы Абылайхан Жұбаназар әлемдік рейтингтегі көрсеткішін айтарлықтай жақсартты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Лозаннада өткен Grand Slam турнирінде топ жарған Қызылорда облысының өкілі бірден 14 сатыға көтеріліп, 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сегізінші орынға жайғасты.
29 тамызда Жұбаназар мансабында алғаш рет Grand Slam турнирінің чемпионы атанды. Ол финалда өзбекстандық Арслонбек Тожиевті жеңіп, алтын медаль иеленді.
Бұл Қазақстан құрамасының Лозаннадағы жалғыз жүлдесі болды. Әлемдік рейтингтік ұпай сарапқа салынған беделді жарысқа елімізден 15 дзюдошы қатысқан еді.
Шерзод Давлатов 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін белдесті. Дегенмен өзбекстандық Самариддин Кучкаровтан жеңілді. Ақылжан Жұбатқанов 66 келіге дейінгі салмақтың жұбаныш белдесуінде оңтүстіккореялық Чанён Кимге жол берді.
Әйелдер арасында Аида Тойшыбекова 78 келіден жоғары салмақтың жұбаныш белдесуінде Венесуэла өкілі Карен Леоннан жеңілді.
Ал Дана Әбдірова (57 келіге дейін), Талғат Орынбасар (60 келіге дейін), Нұрқанат Серікбаев (66 келіге дейін), Ажар Асхат (70 келіге дейін), Бақытжан Абдурахманов (73 келіге дейін), Аңсарбек Ғайнуллин (73 келіге дейін), Аруна Жангелдина (78 келіге дейін), Әділет Алмат (81 келіге дейін), Айдар Арапов (90 келіге дейін), Марат Байқамуров (100 келіге дейін), Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары) жарысты алғашқы кезеңдерде аяқтады.