$ 464.77  541.36  5.41

16 жастағы шахматшы Барселонада күміс алды

Бұл нәтиже Нұрғалиевке мансабындағы екінші гроссмейстерлік норманы орындауға мүмкіндік берді.

Фото: ҚШФ
Фото: ҚШФ

Қазақстандық шахматшы Сауат Нұрғалиев Испанияда өткен XXVII Open Internacional de Sants – Ciutat de Barcelona халықаралық турнирінде күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

16 жасқа дейінгі қатысушылар арасында үздік нәтиже көрсеткен халықаралық мастер 10 турдың қорытындысы бойынша 8,5 ұпай жинады. Ол сегіз партияда жеңіске жетіп, бір ойында тең түскен. Сауат турнир чемпионы, француз гроссмейстері Жюль Муссардан ғана жеңілді.

Бұл нәтиже Нұрғалиевке мансабындағы екінші гроссмейстерлік норманы орындауға мүмкіндік берді.

Айта кетейік, Сауат Нұрғалиев биыл ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанған. Енді ол 15–27 қыркүйек аралығында Самарқандта өтетін 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетеді.

Барселонадағы турнирде қазақстандық өзге жас шахматшылар да жүлделі нәтиже көрсетті. 16 жастағы Малика Джаппарбекова 6,5 ұпаймен әйелдер арасында екінші орын алып, халықаралық әйелдер шебері нормасын орындады. Ал 10 жастағы Әміржан Әнетов те 6,5 ұпай жинады.

21–30 тамыз аралығында ұйымдастырылған жарысқа әлемнің 50-ден астам елінен жүздеген шахматшы қатысты. Турнир швейцариялық жүйе бойынша 10 турдан тұрды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0