$ 456.56  530.52  5.28

Анна Данилина күтпеген жерден US Open-нен шығып қалды

Данилина мен Сербия өкілі Крунич әйелдер арасындағы жұптық бәсекеде үшінші нөмірлі жұп ретінде сынға түсті.

Фото: sports.kz
Фото: sports.kz

Қазақстандық теннисші Анна Данилина серігі Александра Круничтің жарақатына байланысты US Open-2026 турниріндегі өнерін мерзімінен бұрын аяқтады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Данилина мен Сербия өкілі Крунич әйелдер арасындағы жұптық бәсекеде үшінші нөмірлі жұп ретінде сынға түсті. WTA-ның жұптық рейтингінде Крунич бесінші, ал Данилина алтыншы орында тұр.

Екінші айналымда олар Германия өкілі Татьяна Мария мен түркиялық Зейнеп Сөнмезге қарсы ойнады. Қазақстандық-сербиялық жұп алғашқы сетті 6:1 есебімен сенімді жеңіп, кездесуді сәтті бастаған еді.

Алайда екінші партияның соңына қарай Крунич секіргеннен кейін жерге сәтсіз түсіп, тізесін жарақаттап алды. Дәрігерлер көмек көрсеткен соң ол ойынды жалғастыруға әрекеттенді. Бірақ кортта еркін қозғала алмағандықтан, жұп кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды.

Данилина мен Крунич екінші сетте 5:6 есебімен жеңіліп жатқан кезде жарысты жалғастырудан бас тартты. Жарақатына қатты қапаланған сербиялық теннисші көзіне жас алды. Данилина серігіне қолдау көрсетіп, оны жұбатты.

Бұған дейін олар алғашқы айналымда Чили өкілі Алекса Гуарачи мен мысырлық Маяр Шерифті 7:5, 7:6 есебімен жеңген болатын.

Айта кетейік, Данилина 2023 жылы финляндиялық Харри Хелиёваарамен бірге US Open турнирінің аралас жұптар бәсекесінде чемпион атанған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0