$ 456.56  530.52  5.28

«Көшпенділер емес, өшпенділер ойыны»: Қырғызстан медаль есебін жойып, Қазақстанның жеңісіне қатысты дау туды

Өйткені бәрі керітартпалықтың кесірі

Фото: astanatv
Фото: astanatv

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында медаль есебіне қатысты дау туып, қазақстандықтар ұйымдастырушылардың шешіміне наразылық білдірді. Желі қолданушылары Қазақстанның 32 алтын медальмен екінші орынға сырғытылып, кейін жалпы медаль есебінің жойылғанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы желі қолданушысы Руслан Түсіпбеков Facebook парақшасында жазды.

Оның айтуынша, жарыс барысында медаль есебіне қатысты түсініспеушілік туындаған. Түсіпбековтің сөзінше, бастапқыда Қазақстанның жалпы есептегі нәтижесіне қатысты дау болған.

«Қырғыздар жалпы медаль кестесінен біздің үш алтын медальді алып тастап, бірінші орынға шықты. Ал біз алтын медаль санының көп екенін дәлелдегеннен кейін, олар медаль есебін мүлде жою туралы шешім қабылдады», – деп жазды ол.

Желі қолданушысы мұндай шешімнің Көшпенділер ойындарының тарихында алғаш рет қабылданып отырғанын айтып, бұған дейінгі жарыстарда медаль есебі жүргізілгенін алға тартты.

«Бұл – ойындар тарихында медаль есебінің алғаш рет жойылуы. Бұған дейінгі ойындардың барлығында медаль есебі жүргізілген. Сондықтан биыл оның жойылуы әдейі жасалған шешім екені түсінікті. Жұмсартып айтқанда, бұл спорттық қағидаларға сай келмейді», – деді Руслан Түсіпбеков.

Ол Қазақстанның қатарынан екінші рет көш бастап тұрғаны да бұл жағдайға әсер етуі мүмкін екенін болжап, спорттық жарыстарда мұндай дауға орын болмауы керектігін атап өтті.

«Бәлкім, оларға біздің қатарынан екінші рет жеңіске жеткеніміз ұнамаған шығар? Өйткені 2024 жылы да медаль есебінде Қазақстан көш бастаған еді. Бірақ бұл – бәрібір спорт. Бұған өкпе мен реніштің не қажеті бар?» – деп жазды ол.

Түсіпбеков ойындардың жалпы ұйымдастырылуына қатысты бастапқыда оң пікірде болғанын да атап өтті. Оның айтуынша, ол Көшпенділер ойындарының жоғары деңгейде өтуі, көшпенділерді біріктірген рух және көрші елдер арасындағы достық туралы жазба жариялауды жоспарлаған. Алайда медаль есебіне қатысты дау оның ойын өзгерткен.

Көшпенділер ойындарына қатысты журналист Ерболат Сейілхан да әлеуметтік желіде өз пікірін білдірді.

Ол бауырлас елдерді біріктіруі тиіс халықаралық жарыстың керісінше, медаль есебіне байланысты пікірталасқа ұласқанына алаңдаушылық білдірді.

«Көрші, бауырлас елдерді біріктіруі тиіс “Көшпенділер” ойыны көпті керістіріп қойды. Өйткені бәрі керітартпалықтың кесірі», – деп жазды журналист.

Сейілхан көкпардан болған жарыстың айналасындағы даудың жалпы медаль есебіне әсер еткенін айтып, ұйымдастырушылардың әрекетін сынға алды.

«Көкпардағы жеңісін қырғыздар көкке көтеріп, құдды ұлы майдандағы жеңісіндей дәріптеп жатыр. Өкінішке қарай, жарысты ұйымдастырған Қырғызстанның спортына жауапты министрлік көкпардың шуын алға салып, ақыры жарыстың жалпы есебін де былықтырды», – деді ол.

Журналистің пікірінше, Қазақстан 32 алтын медальмен екінші орынға сырғытылған, ал кейін жалпы есептің өзі жойылған.

«32 алтын алған Қазақстанды екінші орынға сырғытып, соңында тіпті есептің өзін жоққа шығарды. Бұйырмаған бірінші орынды даумен алғаннан не пайда, не абырой? Ойынның ашылуын жоғары деңгейде өткізген қырғыздар, соңын шайды қысқасы», – деп жазды Ерболат Сейілхан.

Айта кетейік, Көшпенділер ойындарындағы медаль есебі мен көкпар нәтижесіне қатысты әлеуметтік желіде түрлі пікірлер айтылып жатыр. Бұл мәселеге қатысты ұйымдастырушылардың ресми түсініктемесі әзірге назарға алынған жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0