11.09.2026, 12:20

Бибісара Асаубаева Үндістандағы Global Chess League турнирінде алғашқы жеңісіне жетті

Фото: sports.kz

Қазақстандық шахматшы «FYERS American Gambits» командасы сапында өнер көрсетіп жүр.

Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Бибісара Асаубаева Үндістанның Бангалор қаласында өтіп жатқан «Tech Mahindra Global Chess League-2026» командалық турнирінде алғашқы жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қазақстандық шахматшы «FYERS American Gambits» командасы сапында өнер көрсетіп жүр. Сегізінші турда ол «Ganges Grandmasters» құрамасының өкілі, ресейлік Полина Шуваловамен кездесті.

Асаубаева қарсыласын 3:0 есебімен жеңіп, бұған дейінгі кездесудегі жеңілісінің қарымтасын қайтарды. Сонымен қатар қазақстандық шахматшы аталған матчтың үздік ойыншысы атанды.

Осы жеңістен кейін Бибісара Асаубаеваның турнирдегі көрсеткіші бір жеңіс, төрт тең ойын және үш жеңілісті құрады.

Сегіз турдың қорытындысы бойынша «FYERS American Gambits» турнир кестесінде екінші орында келеді.

Айта кетейік, Бибісара Асаубаева Global Chess League-2026 турнирінде өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаровпен бірге «FYERS American Gambits» командасының намысын қорғап жатыр.

Жалпы жүлде қоры 1 миллион долларды (шамамен 454 миллион теңге) құрайтын жарыс Үндістанда 13 қыркүйекке дейін жалғасады.