14.09.2026, 14:20

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Астанада өз компаниясын ашты

Фото: Егемен Қазақстан

Жаңа компанияның негізгі қызмет бағыты ретінде холдингтік компаниялардың қызметі көрсетілген.

Астанада Олимпиада чемпионы, экс-депутат Серік Сәпиевтің атына Enzo Ltd. атты жаңа компания тіркелді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Реестр деректеріне сәйкес, компанияның жалғыз акционері әрі басшысы – Серік Сәпиев. Ол ұйымның Director, CEO және Authorised Signatory қызметтерін қатар атқарады.

Enzo Ltd.-нің жарғылық капиталы 300 мың теңге көлемінде белгіленген. Компания 3 мың теңгелік 100 қарапайым акциядан тұрады.

Жаңа компанияның негізгі қызмет бағыты ретінде холдингтік компаниялардың қызметі көрсетілген. Мұндай ұйымдар, әдетте, өзге кәсіпорындардың акциялары мен үлестерін иеленіп, оларды басқарумен айналысады.

Серік Сәпиев – 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы және Вэл Баркер кубогінің иегері. Спорттағы мансабын аяқтағаннан кейін мемлекеттік және басқарушылық қызметтер атқарды. Ол Мәжіліс депутаты болып, дене шынықтыру және спорт істері комитетін басқарды.

2024 жылдың қарашасынан 2026 жылдың ақпанына дейін Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарды. Ал 2026 жылдың ақпанында Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды.

Бұдан бөлек, Сәпиевтің аты Astana Arlans Promotion қоғамдық бірлестігінің басшысы ретінде де көрсетіледі. Ұйым 2023 жылы Астанада тіркелген. Оның атауы Сәпиев бұрын басқарған Astana Arlans бокс клубымен байланысты.

Adata.kz деректерінде Серік Сәпиев Sport Asset Management, Astana Arlans Promotion, Қазақстанның кабадди федерациясы, «Жас Сарбаз» қозғалысы және Алматы облысының кәсіпқой бокс федерациясы сияқты бірқатар ұйымның құрылтайшылары қатарында көрсетілген.