Еркебұлан Тоқтар көлікті інісіне сыйлауды Құдайдан тілегенін айтты.
Белгілі актер әрі әуесқой жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар інісі Әділге қымбат көлігін сыйға тартты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Актер бұған дейін сатылымға қойған Mercedes-Benz Gelandewagen көлігін сатудан бас тартып, оны інісіне беруді ұйғарған. Оның айтуынша, бұл шешімге інісінің өзін қолдап, барлық бастамаларына атсалысып жүргені себеп болған.
Еркебұлан Тоқтар көлікті інісіне сыйлауды Құдайдан тілегенін айтты. Оның сөзінше, Геленвагенді сатпақ болып жүрген кезде Әділ екеуі көлікке бірге отырған. Сол сәтте көліктің інісіне жарасымды екенін байқап, егер қажетті ақшаны басқа жолмен табуға мүмкіндік берілсе, көлікті оған сыйлайтынын тілеген.
«Көлікті сатамын деп ойлаған кезде, екеуміз екі Геленге отырып, айдап бара жатқанда, көліктің саған қалай жарасып тұрғанын көрдім. Құдайдан “егер маған қазір керек ақшамды басқа жолмен табуға мүмкіндік берсең, ініме осы көлікті сыйлаймын” деп сұрадым. Ертесіне бірнеше жобамен келісімге келіп, ақша өзі-ақ келді», – деді актер.
Бұған дейін Еркебұлан Тоқтар өзіне жаңа Gelandewagen алған. Ол ескі көлігін қарыздарын өтеу және жаңа спорт залына қаражат жинау үшін сатылымға қойған еді.