17.09.2026, 21:30

ҚПЛ: «Астана» елордада «Қайраттан» басым түсті

Фото: ҚПЛ

«Қайрат» қатарынан екінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.

Қазақстан Премьер-лигасында ХХVІІ турының алғашқы ойын күні «Астана» — «Қайрат» (Алматы) кездесуімен ашылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жылма-жыл бас жүлдеге таласатын қос команда арасындағы матч жанкүйерлер арасында ерекше қызығушылық туғызады. Биыл алматылық клуб чемпиондық атаққа қатарынан үшінші мәрте қол созуды жоспарлап отыр. Десе де олар Шымкенттің «Ордабасы» командасымен талас жүргізіп келеді.

Өткен турда екі команда да жеңілістің ащы дәмін татты. «Қайрат» өз алаңында «Тобылға» 1:4 есебімен есе жіберсе, «Астана» сырт алаңда «Ордабасыға» 0:1 есебімен жеңілді.

Бүгінгі кездесу барысында қос команда бапкерлері негізінен тәжірибелі футболшыларға сенім артты. Алайда «Қайрат» сапында негізгі қақпашы Темірлан Анарбековтің орнына бұл жолы Шерхан Қалмырза шықты.

Ойынның 10-минутында алматылық клубтан жартылай қорғаушы Әділет Садыбеков қызыл қағазбен жазаланып, кездесуді ерте аяқтауға мәжбүр болды. Арада төрт минуттай өткенде «Астана» сапынан Рамазан Кәрімов көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Осылайша «Астана» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.

Ал «Қайрат» қатарынан екінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.

Дәл қазір бұл турда «Тобыл» (Қостанай) — «Елімай» (Семей), «Атырау» — «Ордабасы» (Шымкент) кездесуі өтіп жатыр.