$ 445.65  508.71  5.3

Шахмат олимпиадасы: Қазақстан мен Қытай тең түсті

Орталық кездесуде турнирдің қос көшбасшысы — Қазақстан мен Қытай құрамалары 2:2 есебімен тарқасты. 

Фото: 1бол
Фото: 1бол

Қазақстан әйелдер құрамасы Самарқандта өтіп жатқан 2026 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының жетінші турында Қытай құрамасымен тең түсті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Орталық кездесуде турнирдің қос көшбасшысы — Қазақстан мен Қытай құрамалары 2:2 есебімен тарқасты. Осыған дейін екі команда да алты турдың барлығында жеңіске жетіп, турнир кестесінде үздік нәтиже көрсеткен еді.

Бірінші тақтада Қазақстан құрамасының көшбасшысы Бибісара Асаубаева Қытайдың бірінші нөмірі әрі турнирдегі ең жоғары рейтингті шахматшы Чжу Цзиньэрмен кездесті. Партия барысында қазақстандық шахматшы қарсыласына қысым көрсеткенімен, қытайлық шахматшы қорғаныста сауатты ойнап, тең нәтижеге қол жеткізді.

Екінші тақтада Алуа Нұрман Сун Юйсиньмен тең түсті. Үшінші тақтада Меруерт Камалиденова Лу Мяоиға есе жіберсе, төртінші тақтада Елназ Қалиахмет Ян Тяньцини жеңді.

Осылайша, Қазақстан мен Қытай құрамалары 2:2 есебімен тең түсіп, турнирдегі командалық ұпай саны бойынша көш басындағы позицияларын сақтап қалды.

Әйелдер арасындағы жарыстың аяқталуына төрт тур қалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0