$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24

Азия ойындарының жетінші күнінде Қазақстан бес қола медаль жеңіп алды

Қазақстан қоржыны 35 медальмен толықты.

Фото: ҰОК/Арлан Олжабай
Фото: ҰОК/Арлан Олжабай

Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында 26 қыркүйекте жетінші жарыс күні аяқталды. Қазақстан құрамасы бес қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Ұлттық олимпиада комитетінің сайтына сілтеме жасап.

Жеті жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде 35 медаль бар: 8 алтын, 8 күміс және 19 қола. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан бесінші орында тұр.

Қазақстан қоржынына ескек есу мен каноэде есу спортынан бірден үш медаль түсті. Стелла Суханова 500 метр қашықтыққа байдарка-одан жарысындағы финалда үшінші орын алды. Қазақстандық спортшы қашықтықты 1 минут 59,688 секундта бағындырды. Бұл – оның қазіргі Азия ойындарындағы екінші қола медалі. Бұған дейін ол төрттік байдарка құрамында үшінші орын алған болатын.

Ерлер арасында осы қашықтықтағы финалда Дмитрий Холмогоров қола жүлдегер атанды. Қазақстандық спортшы 1 минут 44,453 секунд нәтиже көрсетті. Ол Өзбекстан спортшысы Шахриер Махкамов пен Оңтүстік Корея өкілі Джан Сан Воннан кейін қалды.

Ескек есуден тағы бір қоланы Сергей Емельянов пен Руфина Искакова жеңіп алды. 500 метр қашықтықтағы аралас каноэ экипаждары арасындағы финалда олар 1:51.124 нәтижесімен үшінші болып мәреге жетті. Алтынды Қытай, күмісті Өзбекстан құрамасы иеленді.

Оқ ату спортынан Қазақстан әйелдер құрамасы 50 метр қашықтықтан винтовкамен үш позицияда ату бойынша командалық есепте үшінші орын алды. Арина Малиновская, София Шульженко және Елизавета Безрукова жалпы 1754 ұпай жинады. Алтын медаль Қытайға, күміс Үндістанға бұйырды. Малиновская жеке сайыстың финалына да өтіп, алтыншы орын алды.

Қазақстан құрамасына күннің бесінші медалін семсерлесуден ерлер командасы әкелді. Назарбай Саттархан, Артем Саркисян, Қуаныш Ергашбай және Нұрмұхаммед Жайлыбай ширек финалда Қытайды 45:40 есебімен жеңді. Жартылай финалда қазақстандықтар Жапонияға 34:45 есебімен есе жіберіп, қола жүлдегер атанды. Артем Саркисян үшін бұл қазіргі Азия ойындарындағы екінші медаль. Бұған дейін ол жеке сайыста қола алған еді.

Ольга Шмелева мен Артем Терещенко жүлдеге бір қадам жетпей тоқтады. 500 метр қашықтықтағы аралас байдарка-екілік жарысының финалында қазақстандықтар 1:41.272 нәтиже көрсетіп, төртінші орын алды.

Бокстан Махмұд Сабырхан мен Нұрбек Оралбай жарысты сәтті бастады. 55 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалда Сабырхан ирандық Мехди Каземиді жеңіп, ширек финалға өтті. Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшы қарсыласын екі рет нокдаунға түсірді.

Нұрбек Оралбай 90 келіге дейінгі салмақта Ауғанстан өкілі Силаб Нуримен кездесіп, төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Ол да ширек финалда жарысын жалғастырады.

Виктория Графеева турнирдегі өнерін аяқтады. 60 келіге дейінгі салмақтағы 1/8 финалда ол Қытайлық Тайбэй өкілі, Олимпиада чемпионы Линь Юйтинге төрешілердің бөлінген шешімімен 2:3 есебімен жол берді.

Шадрак Коеч ерлер арасындағы марафонда үздік ондыққа енді. Қазақстандық жеңіл атлет қашықтықты 2 сағат 14 минут 07 секундта жүгіріп өтіп, жетінші орын алды.

Ауыр атлетикадан Бексұлтан Айтбай 75 келіге дейінгі салмақта жетінші орын иеленді. Қазақстандық спортшы жұлқа көтеруде 135 келі, серпе көтеруде 177 келі көтеріп, қос сайыста жалпы 312 келі нәтиже көрсетті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0