$ 447.73 € 502.98 ₽ 5.35

«Мұнда қиянатқа орын жоқ»: Бақыт Сәрсекбаев іріктеу спаррингі туралы айтты (ВИДЕО)

Ол іріктеуден өтпей қалған спортшыларға бұл жеңіліс емес екенін айтып, ал таңдалған 10 боксшыға жауапкершіліктің артатынын жеткізді. 

Фото: әлеуметтік желі
Фото: әлеуметтік желі

Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев әлем чемпионатына қатысатын спортшыларды анықтау үшін іріктеу спаррингтері өткенін айтты. Оның сөзінше, 38 спортшының арасынан тек 10 боксшыны таңдау қажет болған,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Іріктеу спаррингі – жүйкеге тиетін, моральдық тұрғыдан өте ауыр күн. Ойланып көріңізші: 38 бала. 38 үміт. 38 отбасы, бапкер, команда. Ал сол 38 баланың ішінен тек 10-ын ғана таңдау керек», – деді ол.

Сәрсекбаев мұндай сәтте әділдікке ерекше мән берілетінін атап өтті. Оның айтуынша, рингте спортшының дайындығымен қатар, бапкердің де бірнеше ай бойы атқарған еңбегі сыналады.

«Мұнда қателесуге, көзіңді тайдыруға, біреуге іш тартуға, біреуді сырт қалдыруға арың жібермейді. Мұнда қиянатқа орын жоқ. Мен де осы жолдан өткенмін, қиянатты да, шеттетуді де көргенмін, "неге мен емес?" деген сұрақпен талай қалғанмын», – деді Олимпиада чемпионы.

Ол іріктеуден өтпей қалған спортшыларға бұл жеңіліс емес екенін айтып, ал таңдалған 10 боксшыға жауапкершіліктің артатынын жеткізді.

«Бүгін біреуі қуанады, біреуі өкінішпен қалады. Бірақ бұл – жолдың соңы емес. Өтпей қалған балаларға айтарым: сіздер жеңілген жоқсыздар. Бұл – келесі жеңіске дайындалатын кезең ғана. Ал таңдаудан өткен 10 спортшыға – енді жауапкершілік екі есе», – деді ол.

Сәрсекбаев спортшыларды осы деңгейге жеткізген бапкерлердің еңбегін де атап өтті.

«Спортшыны рингке шығару ғана емес, оның жүрегіне сенім ұялату да – бапкердің еңбегі. Баршаңызға рахмет! Бастысы – тоқтамау. Ринг бәрін көрсетеді», – деді Бақыт Сәрсекбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0