Ол ширек финалға шығу үшін әлемнің 2-ракеткасы, германиялық Александр Зверевпен шеберлік таластырады.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Александр Бублик Шанхай (Қытай) ATP 1000 турнирінің төртінші айналымына жолдама алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 19-ракеткасы, америкалық Брэндон Накашимамен бетпе-бет келді.
Бірінші партияда тай-брейкте америкалық спортшы басым болды — 7:6 (9:7).
Екіншісінде Бублик есе қайырды — 6:3.
Үшінші, шешуші сетте Александр Бублик тай-брейкте жеңісті жұлып алды — 7:6 (7:5).
Екі сағат жарымға жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық спортшы 22 эйс жасап, 1 брейк-пойнтты пайдалана білді. Накашима 12 эйспен шектелді.
Александр Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 2-ракеткасы, германиялық Александр Зверевпен шеберлік таластырады.
Былтыр Шанхайда екінші айналымнан аса алмаған Александр Бублик биылғы сәтті ойыны нәтижесінде қазіргі кезде ATP live рейтингісінде 18-орынға көтеріліп тұр.