05.11.2026, 15:20

«Тобылдың» франциялық қорғаушысын пышақпен қорқытқан

Фото: ФК "Тобыл"

Жанжал барысында жігіттер футболшыны пышақпен қорқытқан. 

Қостанайлық «Тобыл» клубының француз қорғаушысы Пап-Альюн Ндиайеге екі жігіт пышақпен қоқан-лоқы көрсеткен. Оқиғаға қатысты полиция әкімшілік хаттама толтырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға 1 қарашада Қостанайдағы көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісінде болған. Франциялық футболшы мен 2007 жылы туған екі жігіт арасында жанжал туындаған. Белгілі болғандай, жастар қалаға спорттық жарысқа қатысу үшін келген.

Жанжал барысында жігіттер футболшыны пышақпен қорқытқан. Абырой болғанда, Ндиайе дене жарақатын алмаған.

Оқиғадан кейін футболшы жағдайына қатысты пікір білдіріп, өзіне көмек көрсеткен клуб қызметкері Дәуренге және Қостанай полициясына алғысын жеткізді.

«Әлхамдулиллаһ, қазір жағдайым жақсы. Олардың қолында суық қару болғанына қарамастан, клуб қызметкері Дәуреннің көмегімен ешқандай жарақат алған жоқпын. Сондай-ақ жағдайды бақылауға алған Қостанай полициясына алғысымды білдіремін», – деді Ндиайе.

Оқиғаға қатысы бар екі жігітке қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

«Тобыл» клубы да жанжалдың болғанын растады. Команданың мәліметінше, оқиға тұрмыстық сипатта болып, көршілер арасындағы келіспеушіліктен туындаған. Футболшы мен оның отбасы жағдайға алаңдағанымен, ешкім зардап шекпеген. Қазір олар қауіпсіз жерде, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Айта кетейік, Пап-Альюн Ндиайе «Тобыл» сапында 2024 жылдың ақпанынан бері өнер көрсетіп келеді. Бойы 203 сантиметр болатын француз қорғаушысы биылғы маусымда 25 матчқа қатысып, алаңда екі мың минуттан астам уақыт өткізді.