10.11.2026, 15:00

Серік Сәпиев Головкинмен жұдырықтасуы тиіс болған боксшыға шапан жапты

Фото: Әлеуметтік желі

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Астанада ресейлік боксшы, WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Дмитрий Пирогпен кездесті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қазақы қонақжайлық дәстүрін ұстанған Сәпиев құрметті қонағына естелік шапан жауып, бұл сәтті әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Астанаға танымал боксшы, WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Дмитрий Пирог келді. Қазақтың ізгі дәстүрімен оған естелік шапан жаптық. Кездескеніме қуаныштымын», – деп жазды Сәпиев.

Айта кетейік, Дмитрий Пирог – кәсіпқой бокста жеңіліс көрмеген спортшы. Ол мансабында 20 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 15-ін нокаутпен аяқтаған.

Ресейлік боксшының есімі қазақстандық жанкүйерлерге Геннадий Головкинмен өтпей қалған жекпе-жек арқылы да таныс. Екі боксшы 2012 жылғы 25 тамызда қолғап түйістіруі керек болған. Алайда Пирог жаттығу кезінде арқасынан жарақат алып, кездесуден бас тартты. Кейін жекпе-жекті ұйымдастыру әрекеттері болғанымен, қос боксшының жолы рингте түйіспеді.