Топтық кезеңнің соңғы турында отандасымыз француз гроссмейстері Максим Вашье-Лагравпен екі партия өткізді.
Будапештте өтіп жатқан Total Chess Pilot 2026 халықаралық шахмат турнирінің топтық кезеңі мәресіне жетті. Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева өз тобында бесінші орынға жайғасып, плей-офф кезеңінде әлемнің бұрынғы чемпионы Магнус Карлсенге қарсы ойнайтын болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Топтық кезеңнің соңғы турында отандасымыз француз гроссмейстері Максим Вашье-Лагравпен екі партия өткізді. Алғашқы кездесуде Бибісара қарсыласына есе жіберсе, екінші партия тең нәтижемен аяқталды.
Осы нәтижеден кейін қазақстандық шахматшының еншісінде 10 ұпай болды. Ол D тобында бесінші орынға тұрақтады. Асаубаева екі партияда жеңіске жетіп, төрт рет тең ойнаған және төрт кездесуде жеңілген. Қорытынды кестеде ол тек үндістандық Вайшали Рамешбабудан жоғары орналасты.
Жарыс ережесіне сәйкес, төрт топтың жеңімпазы ғана чемпиондық атаққа таласу мүмкіндігін сақтайды. Бұл кезеңге француз шахматшылары Максим Вашье-Лаграв пен Алиреза Фирузджа, америкалық Фабиано Каруана және нидерландтық Аниш Гири жолдама алды.
Ал қалған қатысушылар топтағы нәтижелеріне қарай плей-оффта өзара кездеседі. Бесінші орын иегерлері 17–20-орындар үшін бақ сынайды. Осылайша, Бибісара Асаубаева алғашқы матчында норвегиялық Магнус Карлсенмен кездеседі. Бұл топта америкалық Эндрю Хонг пен бейтарап мәртебеде өнер көрсететін ресейлік Владислав Артемьев те бар.
Қазақстандық шахматшы Telegram-арнасында соңғы ойындарына тоқталып, алдағы қарсыласы Магнус Карлсен болатынын күтпегенін жеткізді.
«Бүгін алғашқы партияда тең түсіп, екіншісінде жеңіліп қалдым. Бір сәтте қателік жібердім, шаршаңқырап та қалдым. Ертең көптен күткен демалыс күні, одан кейін Магнуспен матч ойнаймын. Турнирге дейін ата-анам Магнуспен кездесуім мүмкін бе деп сұраған еді. Мен жоқ деп жауап бердім. Өзім де, көпшілік те оның топтан бірінші-екінші, ең көбі үшінші орынмен шығатынын күтті. Сондықтан онымен бір топқа түсуім екіталай деп ойладым. Алайда мен де бесінші орынмен шықтым, ол да бесінші болды», – деді шахматшы.
Айта кетейік, Total Chess Pilot 2026 турнирінің плей-офф кезеңі 17–20 қараша күндері өтеді.