17.11.2026, 18:20

Ангелина Лукас Германияда аргентиналық боксшымен жұдырықтасады

Фото: instagram.com/angelina_lukas1997

Қазақстандық спортшының қарсыласы - аргентиналық Аньелен Эспиноса.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас 21 қараша күні Германияның Ландсхут қаласында өтетін бокс кешінде шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қазақстандық спортшының қарсыласы - аргентиналық Аньелен Эспиноса. Оның еншісінде сегіз жеңіс пен екі жеңіліс бар. Тараптар сегіз раундтық жекпе-жек өткізеді деп жоспарланған.

Алайда BoxRec статистикалық порталында әзірге Ангелина Лукастың қарсыласы ретінде венесуэлалық Камила Видаль көрсетіліп тұр. Мұндай сәйкессіздік ұйымдастырушылардың бокс статистикасына қатысты сайтқа жаңартылған ақпаратты әлі ұсынбауымен байланысты болуы мүмкін.

Ал Ангелина Лукас алдағы жекпе-жегі алдында әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлеріне үндеу жасады.

«Боксты қаншалықты жақсы көретінімді, арманыма қаншалықты берілгенімді мені танитындар жақсы біледі. Рингте өзімді шын мәнінде тірі сезінемін. Бокс — менің құштарлығым, мінезім және өмірлік жолым!

Мақсатыма міндетті түрде жетемін! Өз есімімді тарихта қалдырып, жас ұрпаққа шабыт бергім келеді. Көк туымызды биікке көтеру үшін барымды саламын», — деп жазды боксшы.