19.11.2026, 15:40

Ясмина Тоқсанбаеваның бұйырмаған алтын медалінен соң жауапты тұлғалар жазалануы мүмкін

Фото: gov.kz

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Жапонияда өткен 2026 жылғы Азия ойындарында алтын медалінен айырылған жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваға қатысты жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы даулы мәселе бойынша арбитражға құжаттар жолдаған. Сот процесі аяқталғаннан кейін оқиғаға қатысы бар жауапты тұлғалардың мәселесі қаралады. 

Министр бұл жағдайға бір ғана адамның емес, бірнеше тараптың жауапкершілігі бар екенін атап өтті. Оның қатарында Спорт комитеті, Жеңіл атлетика федерациясы, Ұлттық олимпиада комитеті, жаттықтырушылар штабы және спортшының өзі бар.

«Қазір федерация Ясминаның ісі бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр және арбитраждық сотқа өтініштерін жолдады. Ең бастысы – мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу. Бұл жерде Спорт комитетінің, федерацияның, Ұлттық олимпиада комитетінің, жаттықтырушылар штабының және спортшының өзінің де жауапкершілігі бар.

Жеңіл атлетикада 45 дисциплина бар. Бұл жолы болмауы тиіс жағдай орын алды. Біз арнайы жол картасын әзірлеп, мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Сот түпкілікті шешім шығарғаннан кейін болған жағдайға жауапты адамдардың мәселесін міндетті түрде қарастырамыз. Дегенмен біздің басты ұстанымымыз – спортшыны қолдау. Спорттық мансап бір жарыспен аяқталмайды. Алда Олимпиада ойындары бар», – деді Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Еске салайық, 27 қыркүйекте Жапонияда өткен Азия ойындарында Ясмина Тоқсанбаева 42,195 шақырымдық марафондық спорттық жүрісте мәре сызығын бірінші болып кескен еді. Ол қашықтықты 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтті.

Алайда кейін қазақстандық спортшы жарыстан шеттетілді. Бұған оның киген аяқ киім үлгісінің World Athletics ұйымы мақұлдаған тізімде болмауы себеп болған. Нәтижесінде алтын медаль Қытай өкілі Даньцзэн Цюйцзунға берілді.