$ 447.4  477.55  4.76

Астаналық «Барыс» жаңа маусымды жеңіспен бастады

Кеше жалауын көтерген Құрлықтық хоккей лигасын астаналық «Барыс» жеңіспен бастады, деп хабарлайды Baq.kz. Уфалық «Салават Юлаевты» өз алаңында қабылдаған жерлестеріміз қарсыластарын 5:4 есебімен тізе бүктірген болатын.

«Барыс» хоккейшілері ойынды өте жылдам бастаған. Дереу шабуылға көшкен астаналықтар қорғанысты ұмытып, Евгений Скачковтың қақпашымен бірге-бір шығуына жағдай жасап берді. Алайда, Ян Лацо шеберлік танытып, өз қақпасына шайбаны дарытқан жоқ. Ал, ойынның төртінші минутында Найджел Доус өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жібермей есеп ашты. Мұның артынша «Салават Юлаев» қақпасына тағы екі шайба соғылған. Гол авторлары Дастин Бойд пен Найджел Доус.

Бірінші кезеңді айқын басымдықпен аяқтаған астаналықтар екінші кезеңде мүлдем сылбыр ойын үлгісін көрсетті. Мұны пайдаланған уфалық команда «Барыс» қақпасына жауапсыз төрт шайба соғып, есепті 4:3-ке жеткізген. Антти Пильстрем хет-трик авторы атанса, бір шайба Егор Дубровскидің еншісінде.

Ал, үшінші кезеңде ес жинаған «Барыс» хоккейшілері алдымен есепті теңестірген, гол авторы Кевин Даллмэн. Ал, ойынның соңғы секундында Найджел Доус өзінің үшінші шайбасын қарсыластар қақпасына дарытып, командасына жеңіс алып келді.

Енді 6 тамыз күні «Барыс» өз алаңында Хабаровск қаласының «Амурын» қабылдамақ. Кездесу жергілікті уақытпен 17:00-де басталады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары