$ 498.34  519.72  4.85

Билли Джо Сондерс Головкинмен кездеспейтінін мәлімдеді

Орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы ұлыбританиялық боксшы Билли Джо Сондерс (24-0, 12 КО) жекпе-жекті ұйымдастыруға келісім ала алмағанын мәлімдеді деп жазады Vesti.kz.

Соңғы кездері Сондерстің өкілдері орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің (37-0, 33 КО) командасымен келіссөздер жүргізген болатын. Астанада маусым айында өтуі мүмкін бокс кешінде Головкинге басты қарсылас ретінде осы ұлыбританиялық боксшы болады делінген.

Сондерс мәлімдемесінде келіссөздердің неліктен іске аспауының себебін айтпады. Сонымен қатар, ол кіммен келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы да тіс жармады. Барлық сұрақтар бойынша өзінің промоутері Фрэнк Уорренге хабарласуды сұрады. "Жекпе-жек болмайды. Менен емес, Фрэнк Уорреннен сұраңыздар. Болмашы істермен айналысқым келмейді. Tesco (Ұлыбританияның супермаркеттер желісі - редакция.) дүкендерінен жұмыс іздеп көрсем деймін", - деп жазды Сондерс Twitter желісіндегі парақшасында. 

Айта кетейік, бұған дейін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы аталған жекпе-жектің өтетінін мәлімдеген болатын. Артынша GGG командасы министрдің бұл сөзін жоққа шығарды. Ал, күні кеше Астана қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев Головкин мен Сондерс келісімге келгенін, кездесу шілдеде Астана-Арена стадионында өтетінін айтты. Алайда, бұл мәлімдеменің өтірік екенін Головкиннің менеджері тілшілерге берген сұхбатында айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары