Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF чемпиондық белбеулерінің иесі, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин биыл былғары қолғабын шегеге ілуі мүмкін. Қыркүйекте Сауль "Канело" Альвареспен өтетін жекпе-жектен кейін GGG бокспен мүлдем қоштасуы мүмкін екенін айтты.
"Мүмкін мен осы жекпе-жектен кейін мүлдем боксты қоятын шығармын. Қоймауым да мүмкін. Мен өзімді өте жақсы сезінемін. Жасым 35-те, бірақ 25 жастағы жігіттеймін. Бұл футбол емес, бұл - бокс. Яғни, ойын емес, төбелес. Әр жекпе-жек өте қиын соғады", - деп мәлімдеді Головкин BoxingScene тілшісіне берген сұхбатында.
Естеріңізге салайық, Головкин-Альварес жекпе-жегі биыл 16 қыркүйекте Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында өтеді. Бүгіннен бастап аталған бокс кешінің билеттері сатылымға шығады.