30.06.2017, 09:59

Алматы спортшылары жыл басынан бері халықаралық 19 турнирге қатысқан

Спорттағы жетістіктер – мемлекет имиджін қалыптастыратын негізгі дүние. Сондықтан, мемлекет тарапынан спорт пен спортты сүйетін жастарға қолдау көрсетуге көп көңіл бөлінеді. Спорт бойынша Алматы жастарының да бағындырған белестері аз емес. Бұл туралы Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы 2017 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша спортшылардың халықаралық жетістіктері жайлы хабардар етті.

Жыл басынан бері Алматы спортшылары 15 спорт түрі бойынша халықаралық 19 жарысқа қатысқан. Бұл сайыстардың барлығы еліміз үшін сәттілік әкелді. Жалпы қорытынды бойынша ел қоржынында 34 медаль бар, оның жетеуі алтын, тоғызы күміс, ал он сегізі қола.

Атап айтсақ, бокс саласында Төлтаевтар «Эмиль Жечев мемориалы» турнирінде бірінші орыннан көрінді. Ал Назым Қызайбай әйелдер арасындағы «ТМД кубогы» халықаралық турнирінде екінші орын алды. Еркін күрес бойынша әйелдер арасындағы «Чемпион» халықаралық сайысында Жанерке Асанова қола медаль иеленді. Енді жүзу спортына тоқталсақ, Токиодағы Japan Open FINA S.S WORLD SERIES халықаралық турнирінде Алина Маткова мен Адельем Ахбашева командалық жарыстан үшінші болып келді. Суға секіру спортында да жетістік аз емес. Александр Ткачук екінші болып, отандастарына жеңіс сыйлады.

Ал жеңіл атлетика бойынша Аманат Қалқаев екінші, мұзда сырғанаудан қысқы Универсиада кезінде Денис Тен бірінші орын алып, қазақстандықтарды бір серпілтті. Джиу-джитсуден Руслан Исрайлов пен Бекір Бариевтер ел қоржынана медаль салса, таеквондада Әбілқайыр Іскендір мен Ерасыл Бекболат Ресейде өткен турнирде үшінші орынға ие болды.

Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы спортшыларды алда күтіп тұрған халықаралық турнирлер көп дейді. Сол себепті алматылық спортшылар қай салада болмасын чемпион болуға барын салып, дайындалып жатыр.