Кәсіпқой бокстан екінші жеңіл салмақта Қазақстан намысын әлемде қорғап жүрген Бекман Сойлыбаев кезекті жеңісіне қол жеткізді. Шаршы алаңда әлі бірде-бір рет жеңілмеген жерлесіміз бүгін Лас-Вегаста мексикалық Фернандо Варгаспен кездесіп, ұпай санымен басым түсті.
Аталған жекпе-жекте 27 жастағы Бекман Сойлыбаев өзінің WBC International чемпиондық белбеуін қорғаған болатын. 10 раундқа созылған кездесу нәтижесінде төрешілердің барлығы бірауыздан жеңісті қазақ боксшысына ұстатты. Жекпе-жекті АҚШ-тың ең танымал телеарналарының бірі саналатын ESPN тікелей эфирден көрсетті.
Айта кетейік, Сойлыбаевтың бұл кәсіпқой бокстағы 12-ші кездесуі. Жерлесіміз барлығында да жеңіске жеткен. Тәжірибелі Варгас болса 33 жекпе-жек өткізіп, оның төртеуінде жеңілген.