$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда Бостандық ауданы әкімінің кубогі үшін футболдан жарыс басталды

Елбасы өз жолдауларында Қазақстан халқын салауатты өмір салтын ұстануға және жаппай спортпен шұғылдануға шақырып, 2020 жылға дейін Қазақстан халқының отыз пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы міндеттер жүктеген болатын. Осы мақсатта, Бостандық ауданы әкімінің кубогі үшін футболдан жасөспірімдер арасында халықаралық турнир басталды. Спорттық шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан, спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі.

– Мемлекет басшысы өзінің «Рухани жаңғыру» мақаласында халықты білімді болуға, өзін-өзі жетілдіруге, спортпен шұғылдануға шақырады. Болашақта ұлттың табысты болуы – оның табиғи байлығымен емес, бәсекеге қабілетті болуымен айқындалады деді Елбасы. Осы мақсатта 29 қазан мен 3 қараша аралығында өтетін бұл жарысқа 2005, 2006, 2007 жылғы жасөспірімдер қатысуда. Биылғы жарыстың ерекшелігі, турнирге Өзбекстан және Қырғызстан командалары да қатысуда. Қазақстан қалаларынан Алматы, Тараз, Шымкент, Астана, Қарағанды, Талдықорған командалары да бақ сынауға келді. Жас ерекшеліктері бойынша әр топта 8 командадан болады. Турнирге жалпы саны 24 команда қатысады. Алдағы уақытта дәстүрге айналады деген ниетіміз бар. Айта кетейік, турнирді ұйымдастырушылар: Бостандық ауданы әкімінің аппараты және Алматы қаласы футбол федерациясы және Тимур Сегізбаев атындағы қоғамдық қоры, – деп мәлімдеді Бостандық ауданы бойынша ішкі саясат бөлімінің басшысы Бекжан Сәрсенбайұлы.

Бостандық ауданы әкімінің кубогына арналған жасөспірімдер арасындағы футболдан халықаралық турнир жастардың спортқа деген құлшынысын арттырып, өзін-өзі дамытып, жетілдіруге және жаман әдеттерден сақ болуға үйретеді.

Айымхан Әмірбекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары