Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы биыл қараша айында Аргентина футболшыларымен жолдастық кездесу өткізуі мүмкін деп жазады Vesti.kz. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының спорттық директоры Игорь Утробин мәлімдеген.
"Біз қазір Аргентина құрамасымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Әрине, бұл өте қиын және уақытты көп қажет ететін процесс. Оның үстіне 14 қарашаға дейін аз уақыт қалды. Қазір ең бастысы қаржы мәселесін шешіп алуымыз керек. Қажетті шығынның 40 пайызын Қазақстан футбол федерациясы өз мойнына алуға дайын. Ал, қалған 60 пайызын табу үшін қазір демеушілермен сөйлесіп жатырмыз. Лионель Месси, Серхио Агуэро, Анхель Ди Мария, Хавьер Маскерано секілді әлемдік жұлдыздардың елімізге келуі Қазақстан футбол тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі болатынына сенімдіміз. Егер қаражат мәселесі шешілсе аргентиналықтар жұлдызды құрамымен келуге дайын екендерін айтты", - деді Утробин.
Еске салайық, 11 қараша күні Аргентина мен Ресей ұлттық құрамалары Мәскеуде жолдастық кездесу өткізеді. Қазақстандық тарап қаржы мәселесін шешсе Хорхе Сампаоли бастаған футболшылар Астанаға келеді.