31.10.2017, 04:03

Мемлекеттік-жеке әріптестік: Алматыда жаңа спорт алаңы ашылды

Мемлекеттік-жеке әріптестік – бүгінде ел экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тарта отырып, мемлекетпен бірлесе бизнесті жаңа өрістерге шығаруға септесетін үлкен жобалардың бірі.

Бюджеттің қарымы жете бермейтін, әсіресе, маңызы зор әлеуметтік жобаларға жеке бизнесті тарту қажеттігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөйлеген сөздерінде, өңірлердегі сапарлардағы жүздесулерінде үнемі айтып келеді. «Жекеменшік инвестицияларды тарту жөнінен мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік тетігі орасан зор әлеуетке ие болып отыр.  Біз Қазақстанда бұл тетікті іске қос­тық, бірақ та ол озық әлемдік  практикаға сәйкес жетілдіруді талап етеді», деген болатын Мемлекет басшысы өз жолдауларының бірінде.

Бүгінде осынау бағдарлама аясында еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген әлеуметтік және спорттық нысандар бой көтеріп, халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Солардың бірі – күні кеше Алматының Алмалы ауданында ашылған балалардың әмбебап спорттық алаңы. Нысан көпшілікке қолжетімді. Ал, мақсат айқын: аула  спортын дамыту мен балалардың әуесқой спорт командаларына қолайлы жағдай жасау. Сондай-ақ, бос уақытты қызықты өткізуге, балаларды салауатты өмір салтын ұстануға, емін-еркін спортпен шұғылдануына мүмкіндік беру.

Айта кетейік, әмбебап спорт алаңшасы Алматы қаласы әкімдігі мен Алмалы аудандық әкімдіктің қолдауымен жүзеге асып отыр.  Ал, нысанның салынуына меценат Валентин Прокопенко демеушілік жасап,  материалдық көмек көрсеткен.

Алаңшаның ашылуында шараның ұйымдастырушысы Анна Шепелова, «Нұр Отан» партиясының өкілдері және меценат В.Прокопенко сөз сөйлеп, Алмалы ауданының тұрғындарын құттықтады.

Шара аясында балалар үшін «SpaceTeam» тобы дайындаған ашық жаттығулар, көріктенген аулаға экскурсия және жобаның презентациясы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, атақты және жас спортшылардың қатысуымен шеберлік сағаттары өткізілді.

Шараға келген қонақтар интерактивті фотозонамен тынысып, түрлі спорт түрлерінен өз күштерін сынап көрді. Ал, жас жеткіншектер әйелдер арасындағы  футболдан Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы Марина Волковамен бірге доп тепті.

Алдағы уақытта, спорттық аула алаңшасында әуесқой балаларға арналған хоккейден  тегін үйірмелер жұмыс істейді деп күтілуде.  Қазірдің өзінде Алмалы ауданының балаларынан аудандық команда құрылып үлгерді.

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін қолдану мемлекетке де, бизнесті дамытуға да бірқатар артықшылықтар беретіні мәлім. Жеке сектор үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктер және тиісінше жаңа кіріс көздері, ірі жобаларға қатысу мүмкіндіктері туып отыр.

Айта кетейік, дүнежүзілік банктің мәліметі бойынша, Қазақстан бизнес үшін жағдайды жақсарту жөніндегі табысты реформаларды жүргізіп жатқан ел ретінде танылды  және  «Doing Business» рейтингісінде 49 орынға ие болды. Жан басына шаққанда тікелей шетелдік инвестициялар көлемі жөнінен біз ТМД-да алғашқы орындардың біріне ие болып отырмыз. Яғни, біздің еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуал құрудың оң үрдістерін байқауымызға болады.

Айымхан Әмірбекқызы