$ 444.32  473.33  4.76

БОКС: Мейіржан Піртаев Ә.Нұрмахановты еске алуға арналған турнирдің «үздік боксшысы» атанды

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында қазақ боксының іргесіні қалаушылардың бірі, даңқты боксшы Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Жыл сайын өтетін жарыстың ең үздік боксшысы атағын биыл 64 келіде топ жарған шымкенттік Мейіржан Піртаев иеленіп отыр.

6 күнге созылған турнирдің финалдық кезеңі бүгін аяқталды. 10 салмақ дәрежесі бойынша өткен жарыс биыл да қызықты жекпе-жектерге толы болды деп айтуға болады. Байрақты бәсекеге еліміздің барлық өңірінен кіл мықты боксшылар мен Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген былғары қолғап шеберлері қатысты.

Турнир жеңімпаздарының арасында әлсіздері болған жоқ. Ал, олардың ең үздігін іріктеп алу оңайға соқпады. Десе де, жарыс ұйымдастырушылары осымен екінші рет аталған турнирді жеңіп алған шымкенттік боксшы Мейіржан Піртаевты үздік деп танып отыр. Ол 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, 3 жекпе-жектің бәрінде қарсыласынан басым түсті.

– Менің мақсатым тек жарысты жеңу ғана емес, сондай-ақ, өзімнің өзгелерден әлдеқайда мықты екенімді, басым екенімді көрсету болды. Және сол мақсатыма жеттім деп те ойлаймын. Әбдісалан ағамыздың атындағы турнирді осымен екінші рет жеңіп отырмын. Былтыр да, биыл да топ жардым. Енді алға қойып отырған мақсатым көп, турасын айтқанда әлемді бағындырғым келеді, – дейді Мейіржан Піртаев.

Мейіржанның әлемдік деңгейдегі жарыстарды жеңуіне мүмкіндігі расымен де зор. Ол жастар арасындағы Қазақстан чемпионы, рсепубликалық спартакиаданы да жеңіп алған. Сонымен қатар, ересектер арасында халықаралық дәрежедегі бірнеше турнирдің жеңімпазы. Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі.

М.Піртаевтың ерекшелігі сол, ол бапкерлік және төреші қызметтерін де қатар алып жүрген санаулы спортшылардың бірі. 3 жыл бойы шәкірт тәрбиелеген ол өз боксшыларымен де мақтана алады. Шәкірттерінің алды бүгінде жасөспірімдер арасында халықаралық турнирлерді жеңе бастаған.

– Арманым әлемді бағындыру екенін айттым ғой. Бұл ретте мен кәсіпқой боксқа ауысуды меңзеп отырмын. Биыл құжаттарымды рәсімдеп, америка Құрама штаттарына жол тартпақшымын. Өз бағымды мухиттың арғы жағынан табарыма сенімдімін. Сіздер де маған сеніңіздер, – дейді талантты боксшы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары