Жекпе-жектен әлем чемпионы Қуат «Найман» сұхбатында спорттан тыс мәселелерді қозғады, деп жазады ratel.kz
Аралас жекпе-жектің WBK нұсқасы бойынша әлем чемпионы Қуат ХАМИТОВ жуырда Алматыдағы FIGHT NIGHTS GLOBAL 80 турнирінің басты кездесуінде ирландиялық Питер КУИЛЛИДІ жеңді. Көпшілікке сегіз бұрыштағы өнерімен ғана емес, азаматтық позициясымен де етене таныс Қуатпен біз спорттан тыс тақырыптарға да әңгімелестік.
- Жеңісіңіз құтты болсын. Жекпе-жек қалай өтті?
- Рақмет. Бәрі ойдағыдай болды. Қалай жоспарладық. Жекпе-жек солай өтті.
- Қуат, шыққан ортаңыз, туған жеріңіз туралы айтып өтсеңіз. Спортқа қалай келдіңіз?
- Туған жерім Алматы облысы, Алакөл ауданы, Ынталы деген ауыл. Осы өңірде ержеттім. Спортқа төрт-бес жасымнан әкем баулыды. 8-сыныптан бастап грек-рим күресімен айналыса бастадым. Ең бірінші жаттықтырушым Евгений МЕЗИНЦЕВ деген кісі. Ол кісі мені 23 жасқа дейін күрес өнерінің қыр-сырына үйретті. Қазақстан спорт шебері дәрежесіне дейін жеткізді. Көптеген жарыстардың жеңімпазы атандым. Ережесіз жекпе-жекті күресіп жүрген кезде бақылап жүретінмін. Бірге жаттыққан небір мықты ағаларым болды. Әлемдік, құрлықтық, түрлі халықаралық бәсекелерді жеңген. Мәселен Әсет ИМАНБАЕВ сынды. Олардың жанкештілігіне сүйсінетінмін.
Алайда әлеуметтік жағдайлары алаңдататын. Жатаханада ауыр тұрмыс кешседе ел намысы үшін барын салатын. Қанша жеңімпаз болсада ешқандай құрмет көрмейтін. 50 миллион халық болсақ бір сәрі. Аз ғана қазақпыз ғой. Неге осындай чемпиондарды ардақтай алмаймыз деп жаста болсам уайым жейтінмін.
- Жекпе-жек өнеріне неге ауыстыңыз?
- Көп адамдар спортшыларға білегі жуан, басында ақылы жоқ жандар деп қарайды. Менің әпкем де маған осы мағынадағы әңгімелерді көп айтатын. Орысша айтқанда «сила есть, ума не надо» деген көзқарасты жиі байқайсың. Қысқасы, төбелес құмарлардың қатарына жатқызатын. Қазір ақшаң болса әнші, әртіс болу оңай. Ал спортшының жолы қашанда ауыр ғой. Мен жоғарыда айтылған мәселелерді жойғым келді. Спортшыларға қатысты көзқарастарды өзгертуді мақсат тұттым. Күреспен ойлаған ойыма жете алмайтынымды түсіндім. Сондықтан осы ережесіз жекпе-жекке өттім. Жекпе-жек қанда бар өнер ғой. Сегіз бұрыштағы майдан әр қазақтың қанын қоздырады. Соның арқасында қазір белгілі дәрежеде танымалдылыққа ие болдым. Енді чемпиондарымыздың мәртебесін көтеру мақсатында әр мінберден өз ойымды, идеяларымды айтып жүрмін. Болашақта чемпиондарымызға мемлекет тарапынан арнайы зейнетақы тағайындалса деймін. Сөздің шыны керек біз спорттық держава емеспіз. Аз ғана чемпиондарымыз бағаланса игі.
- Сіз көптеген әріптестеріңіз үнсіз қалып жатқанда қоғамдағы кез-келген мәселелерге азаматтық позицияңызды білдіріп жатасыз. Бейқам болмауыңыздың себебі неде?
- Болашақ жастардың қолында. Біз еліміздің патриоты болуымыз тиіс. Жас мемлекетімізді жақсы жағына өзгертуге атсалысуымыз керек. Шамамыз жеткенше халыққа қызмет етіп, қиналған жандарға қол ұшын беру біздің парызымыз деп есептеймін. Иә, қоғамдық өмірден тыс қалып жататын әріптестерім бар. Мүмкін олар мемлекет тарапынан немесе бір үлкен ағаларынан көмек алғаннан кейін пікірлерін ашық айта алмайтын шығар. Мен ешкімге тәуелді емеспін. Тәуелсіз адам болғаннан кейін өз ойымды ашық білдіріп жатамын.
- Соңғы кезде спортшылар депутат, шенеунік болып кетіп жатыр, бұған не дейсіз?
- Спортшы болсын, басқа маман иегері болсын депутат болуға құқы бар. Бірақ халыққа пайдасы тию керек. Егер бұқараға пайдалы іс жасамаса депутат болудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бір жағынан спортшылардың депутат болғанда тұрған не бар. Олардың дені ауылдан шыққан. Қарапайым адамдардың өмірін жақсы біледі. Саясат, экономика жағын білмесе де спорттың дамуына өз үлестерін қосады деп сенем. Парламентте неше түрлі депутаттарды көріп жүрміз ғой. Төрде отыру үшін, сол лауазымымен мақтану үшін депутат болған.
- Өзіңіз «Нұр Отанға» өту ойыңызда жоқ па? Сізді шақырса келісетін бе едіңіз?
- Бұл сауалыңа бірден кесіп жауап бере алмаймын. «Нұр Отанға» мүшелікке шақырып жатса ойланып барып шешім қабылдайтыным анық. Бастысы, «Нұр Отан» немесе басқа партияға кіру емес қой. Өз ісіңе адал болып, соның игілігін ортаңа көрсету. Қазір билік партиясына небір танымал замандастарымды тартып жатыр. Оны бәріміз көріп отырмыз. Бұл біздің қатарымызда кілең мықтылар бар деп мақтану үшін жасалып отырған шаруа сияқты. Меніңше, «Нұр Отанның» қатарын оның идеясын жүзеге асырғысы келетін, олардың бағдарламасымен ойы сабақтас адамдар толықтыруы тиіс.
Өз басым Қуат Хамитов «Нұр Отанның» мүшесі деген атаққа бола билік партиясының қатарына өтпес едім. Ол менің мінезіме жат нәрсе. Нақты істерді атқаруға шақырса, мен шын мәнінде керек болып жатсам, кез-келген шақыртуды қабыл алуға болады.
- Бір кезде Геннадий ГОЛОВКИНДІ MMA Triple G шақырдыңыз. Кейін сынағаныңыз және бар. Сол ойыңыздан айнып қалмадыңыз ба?
- Жастайымнан Мұхаммед ӘЛИ, Майк ТАЙСОННЫҢ боксын тамашалап өстім. Қазір бокс бизнеске айналып кеткен сияқты. Анау шықпай қойды, мынау шығудан бас тартты, деген Головкинның әңгімелерін жиі естимін. Соған жыным келіп ережесіз жекпе-жекке шақырдым. Бізде ешкім сылтау айтпайды. Қорқақтар жоқ. Нағыз еркектердің ортасына кел, деп БАҚ-ры арқылы мәлімдедім. Алайда Головкинның соңғы жекпе-жектерін қараңызшы. Біздің боксшы бұрыңғыдай емес. Жасы келді. Рингтегі өнері бәсеңдей бастаған. Көпшілік тұлғасын бір жақсы көрсе алғаусыз сүйеді. Бір сүрінсең маңайында ешкім қалмай қалады. Жақындарыңның өзі теріс айналады.
Илья ИЛЬИН баяғыда елдің алақанында еді ғой. Допингпен ұсталғасын не болды? Бәрі Ильяны ұмытты. Спортта осындай қатыгездік бар. Әуесқойлар арасында да Генаның даңқы шыққан еді. Әлем біріншілігін ұтып алды. Бірақ та Афин олимпиадасының финалындағы жеңілісі үшін бірталай сөз естіді ғой. Сондықтан, Гена спорттағы мен айтып отырған қатыгездікті жақсы біледі деп ойлаймын. Елдің ықласына бөленіп жүргенде бокстан кетіп қалсын деген жанашырлық ой еді менікі.
- Қазақ футболын сынағаныңызды білеміз. Жалпы, қазақ спортында жүргізіліп жатқан саясатқа көңіліңіз тола ма?
- Қазақ спортына көңілім қатты толады деп айта алмаймын. Көптеген жұмыстар істелініп жатыр. Алайда, әлі де көп нәрсені қолға алу керек, жұмыс көп. Мысалы, футболда легионерлерге кетіп жатқан ақша қадағаланса дейсің. Қазақ спортына жақсы менеджер қажет деген пікірдемін. Біздің «Қайратта» АРШАВИН ойнайды. Оның алатын ақшасын олимпиаданы ұтып келген чемпиондарымыз алмайды. Осы жағы жүректі ауыртады. Бұған дейін сан айтқам. Тағы да қайталап айтамын. Біздің футболшыларды миллиондармен жарылқауды қою керек. Нәтиже көрсетсін. Сосын ақшаларын беру керек. Сол мол қаржыны балалар спортына аударайық. Ауылдарда небір талантты балалар жүр. Ертең-ақ Аршавиннан асқан қазақ балаларының шығатынына өз басым сенемін